Ақмола облысы аумағындағы өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Есіл, Сілеті, Шағалалы, Нұра, Колутон және Жабай өзендеріндегі қар мөлшері әдеттегіден 1,2-1,9 есе көп, ал Астана, Сілеті және Шағалалы су қоймаларына ағып келетін су әдеттегіден 1-1,9 есе артық.

 Ақмола облысы аумағындағы өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілуде

 Сондықтан, Нұра, Жабай, Колутон, Есіл өзендерінің су деңгейі көтеріліп, арнасынан асуы да ғажап емес. Осы бағытта қомақты қаржы бөлініп, арықтар тазаланды, өзендер тереңдетіліп, жағалауы бекітілді, дамбылар жөнделді. 13 су өткізгіш нысаны салынды. Облыс қалалары мен аудандарының коммуналдық кәсіпорындары, қызметтері елді мекендер ішіндегі қарды сыртқа шығаруда.

 Көкшетау мен Степногорск қалалары және Бұланды, Ерейментау аудандарында 20,9 мың инерттік материалдар, 99,3 мың дана қап, 184,9 тонна жанар-жағармай, 16,7 тонна азық-түлік тағамдары дайындалған. Бірқатар аудандардың әкімдіктері инерттік материалдар, қап және жанар-жағармай сатып алу жұмысын жүргізуде.

Алдағы су тасқыны шарасына 2588 адам мен 1220 техника дайындалды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының 5510 әскери бөлімшесі мен облыстық ішкі істер департаментінен 485 адам, 103 техника мен 5 қайық тарту жоспарланған. Облыс аумағындағы жағдайға қарай, Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің өзге өңірлердегі бөлімшелерінен 461 адам, 66 техника, 16 қайық әкелу межеленген. Көкшетау және Степногорск қалалары мен 17 аудандағы жергілікті атқарушы органның қаулысымен 345 азаматтық қорғаныстың аумақтық құрылымы құрылды. Құрылымның құрамына 3701 адам, 752 техника, құрамында 1452 адамы бар жедел қимылдайтын 20 жасақ, 548 автокөлік, табиғи және техногендік төтенше жағдайдың салдарын жою үшін инженерлік және арнайы техникалар кіреді.

Алдымен, Астрахан, Атбасар, Бұланды, Есіл, Сандықтау, Целиноград және Шортанды аудандарында су тасқынын апатсыз өткізу мақсатында елді мекендер мен көлік коммуникациясы үшін су алу қаупі бар өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілуде. Арнайы бригадалар көпірлер мен су өткізгіш нысандарының астын тазалауда. Облыс аумағындағы 114 гидротехникалық нысан бақылауға алынды. «Қазгидромет» мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының мәліметі бойынша облыс аумағындағы жағдайға мониторинг пен болжау жүргізу үшін 45 метеостанция, 29 гидробекеті, 8 көл гидробекеті, 21 агрометеобекеті жұмыс істейді. Сондай-ақ, әкімдіктер күшімен және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық бөлімшелерімен өзендердің қауіпті учаскелерінде судың деңгейін бақылайтын 90 қосымша бекет тәулік бойы кезекшілік жасауда.