Ақмола облысы білім беру саласының есепшілері 83 млн теңгеден астам қаржы ұрлады деген күдікке ілінді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының білім беру саласының бухгалтерлері аса ірі мөлшерде ақша ұрлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Бұланды балабақшасының бухгалтері кәсіпкерлермен ойдан шығарылған мәмілелер жасай отырып, туыстарының шоттарына ақша аударған.
Аударымдардың шынайылығын көрсету үшін бухгалтер тауарларды жеткізуге келісім-шарттар жасалған кәсіпорындардың атауларын көрсеткен.
Банктік шоттар оның жақын туыстарына рәсімделіп, бухгалтер жұмыс істеген кезеңде барлығы 47 млн. теңге аударылды.
Екінші жағдайда Степногорск қаласының мектептерінің бірінде анықталды, тергеудің нұсқасы бойынша бухгалтер өз шотына 36 млн. теңге жалақы ретінде аударған.
Осы фактілер бойынша қылмыстық істер ҚК-нің 189-бабы, 2-тармағының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде ұрлау) бойынша тіркеліп, Ақмола облыстық прокуратурасының арнайы прокурорлары мен Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері тергеп жатыр.
Осы бап бойынша жаза белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.