Ақмола облысы ҚХА-ның ізгі істер эстафетасын қабылдап алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылу салтанаты барысында Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков "ҚХА - 20 ізгі іс" эстафетасын Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагинге табыстады.
«Құрметті достар, сіздерді бүгін ашылып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы жылымен құттықтаймын. Бұл еліміздегі үлкен мереке. Бүгін біз "20 ізгі іс" эстафетасын бастаймыз. Эстафета символы Тайқазан Түркістан қаласынан Астанаға жеткізілді және бүгін оны елордалық Ассамблея 20 ізгі іспен толтырды", - деп атап өтті Ә. Жақсыбеков. Осыдан кейін ол Тайқазанды Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагинге табыстады. "Бүгін - бізде нағыз мереке. Пост кеңестік елдердің ішінде бүгінде тек бізде ғана бірлік пен бейбітшілік үстемдік құрып тұр. ҚХА - біздің мақтанышымыз, ең басты құндылығымыз", - деп атап өтті С. Кулагин Тайқазанды қабылдап алған соң. Айта кетейік, ҚХА ізгі істерінің символы ретінде Тайқазанды таңдаудың өзіндік себептері бар. Ол ықылым замандардан адамдарды бірлікке шақырып, бір дастархан басына тоғыстыра білген. Тайқазан - бірлік пен берекенің, тоқшылық пен молшылықтың белгісі.