Ақмола облысы «сары» аймаққа ауысты

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Айнагүл Мусина өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы «сары» аймаққа ауысты

Оның айтуынша, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып отыр.

«Біз бірнеше күн «қызыл» аймақта болдық, қазір «сары» аймаққа өттік. Күн сайын аурудың 50-ден астам жағдайы тіркеледі. Оның ішінде Көкшетау қаласында көп тіркеліп отыр. Одан кейін екінші орында - Степногор қаласы және Бурабай ауданы», - деп атап өтті А.Мусина.

Кәсіби құрамы бойынша науқастар арасында зейнеткерлер көш бастап тұр. Жағдайлардың 40% - 65 жастан асқан адамдар.

Спикердің айтуынша, мониторингтік топтардың саны артты. Егер бұрын 20 болса, қазір - 76.

Әлеуметтік желілердегі мониторинг кезінде қоғамдық тамақтану орындарының бұқаралық іс-шаралар өткізу фактілері әлі күнге дейін анықталуда.

«Бүгінде жұмыс алгоритмі өзгерді. Мобильдік топтар санитарлық талаптардың бұзылшылықтарын анықтап, материалдарды медициналық ұйымдардың жанында орналасқан үйлестіру орталығына жібереді. Содан кейін санитарлық қызмет тексеруді ашады. Желтоқсан айында осындай 40 жедел хабарлама түсіп, жоспардан тыс 33 тексеру жүргізілді. 27 жағдайда фактілер расталды. Айыппұлдар салынып, ұйғарымдар берілді. Нұсқама орындалмаған жағдайда нысандардың жұмысы 3 айға дейін тоқтатылуы мүмкін», - деп атап өтті А.Мусина.

Айта кетейік, 30 желтоқсан күні сағат 07:00-ден бастап Ақмола облысының бас санитар дәрігерінің «облыс аумағында карантиндік шектеу шараларын одан әрі күшейту туралы» қаулысы күшіне енген болатын.