Ақмола облысына алғаш рет газ келді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Аршалы ауданында тұрғын үйлерді «Сарыарқа» магистралды газ құбырына қосу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысына алғаш рет газ келді

«Бүгін біздің облыс үшін тарихи сәт. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында облысқа газ жеткізілді. Елді мекендерге газ кезең-кезеңмен жіберілуде. Бірінші кезеңде біз 20 елді мекенді газға қосамыз. Осы ретте, бізбен тығыз жұмыс істеп отырған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ серіктестерімізге алғыс айтамыз. Екі жыл ішінде біз мың шақырымға жуық құбыр тартып, табиғи газ өткіздік. Бүгін біз Аршалы ауданының 5 елді мекенінің тұрғындарына газ жеткізіп отырмыз», - деді салтанатты шарада аймақ басшысы Ермек Маржықпаев.

Түрген ауылындағы алғашқы абоненттердің бірі – Семенковтар отбасы.

«Біз көпбалалы отбасымыз, бес баланы тәрбиелеп өсірдік. Оның екеуі өз күнін өздері көріп, бөлек кетті. Тағы екеуі университетте оқиды. Үйімізге алғашқылардың бірі болып газ тартылғанына қуанып отырмыз. Бұл - біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш. Ауыл тұрғындары газ тартылатын күнді асыға күтті», - деді отағасы Валерий Семенков.

Әкімдіктің баспасөз қызметінен атап өткендей, 2019 жылы 17 елді мекенде – Ақбұлақ, Ақтасты, Арнасай, Бабатай, Түрген, Донецк, Анар, Аршалы, Бірсуат, Байдалы, Ижевск, Шөптікөл, Волгодоновка, 42 - Разъезд, Қойгелді, Жібек Жолы, Жалтыркөл және Аршалы кентіндегі автоматтандырылған газ тарату станциясында «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына қосу үшін газ тарату желілерінің құрылысы он жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Пайдалануға берілген «Аршалы» автоматтандырылған газ тарату станциясының өткізу қуаты сағатына 15000 текше метрді құрайды. Барлығы 345,92 шақырым газ желілері салынды.

2023 жылы Аршалы ауданын газдандырудың соңғы кезеңі Жібек жолы ауылында жүзеге асырылады.

Яғни, бес газ реттегіш пунктілерді орнату арқылы 229,054 шақырым газ тарату желісі іске қосылады.

Осылайша, 2020-2023 жылдар аралығында аудан бойынша 574,66 шақырым газ құбыры пайдалануға беріледі. Табиғи газ 8230 тұрғын үйге жеткізіледі.

Айта кетсек, бұдан бұрын ҚР Энергетика министрі Ақмола облысындағы газ және жылу беру жүйесіне қатысты пікір білдірген еді.