Ақмола облысында 1,5 млрд теңгенің астық сақтау кәсіпорны салынуда

Аймақ басшысы алдымен, аудан орталығында орналасқан «Арка-К» серіктестігінде болып, жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорын былтырғы жылы құрылған. Серіктестіктің директоры Елебек Исатов өз сөзінде қиыршық тас өндіретіндерін және жылына 64 мың тонна асфальтбетон қоспасы жасалатынын айтып өтті. 150 миллион теңгеге бағаланған жобаның бүгінгі таңда іргетасы қаланып, қондырғылары орнатылған. Қазір іске қосылған зауытта жеті адам жұмыс істейді.
Бұдан кейін Сергей Кулагин «Алтын Дән КЗ» серіктестігінің 1,5 миллиард теңгеге бағаланған астық қабылдау кәсіпорнының құрылысына назар аударды. Серіктестік директоры Бақытжан Тілеубаев кәсіпорын келешекте астық қабылдау, кептіру, өңдеу, сақтау тәрізді қойма жұмысымен айналысатынын мәлімдеді. Астық қабылдау кәсіпорны 60 мың тонна астық сақтай алады. Оның үстіне 20 мың тонналық қосымша банкі орнатылған.
Облыс басшысы кеңсе, зертхана, кіреберіс, өрт сөндіру депосы мен күзет ғимараттарын, астық тиелетін темір жол тұйығының құрылысын аралап көріп, жұмыс қарқынын үдете түсуді тапсырды.
Сапар барысында аймақ басшысы аудандағы бұдан өзге де бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмысына назар аударып, аудан активіне қатысты.