Ақмола облысында 111 мыңнан астам шөлмектегі контрафактілік алкоголь өнімдері тәркіленді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері 111 мыңнан астам шөлмек контрафактілік алкоголь өнімдерін тәркіледі. Бұл туралы аталған департаментте өткен дөңгелек үстел барысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ақмола облысында 111 мыңнан астам шөлмектегі контрафактілік алкоголь өнімдері тәркіленді

Ақмола облысының мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Қоныс Жұмағұловтың айтуынша, өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша 3 миллион 633 мыңға жуық жалған бақылау маркасы алынған. Оған қоса, жалпы құны 6 миллион 200 мың шөлмек алкогольдік өнім сақталып және саудаланғаны, 77 мың литр спирт пен алкогольдік өнімдердің есепке алынбағаны анықталды. 

«Ақмола облысында аталған сала бойынша 14 қылмыс ашылып, 111 мың шөлмек алкогольдік өнім, 519 жалған есептік-бақылау маркасы және 23 мың литр спирт тәркіленді. Оған қоса, Көкшетау қаласында лицензиясыз алкогольдік өнімдерді сақтау фактісі анықталды. Оқиға орнынан жалпы құны 49 миллион теңгеден астам 70 мың 450 шөлмек алкогольдік өнім анықталып, алынды», деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және салық төлеуден жалтарудың жолын кесу бағытында алкогольдік өнімдерді өндірушілерге мониторинг жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, облыс аумағына өзге өңірлерден жеткізілетін алкогольдік өнімдерге мониторинг жүргізіліп, жалпы талдау жасалынады.

Мәселен, ағымдағы жылдың наурыз айында экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері Зеренді ауданы аумағында рұқсат құжатынсыз құны 28 миллион теңгенің 26 мың литр этил спиртін тасымалдау оқиғасын анықтаған.