Ақмола облысында 125 елді мекен су басуы мүмкін аймақта орналасқан

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 125 елді мекен су басуы мүмкін аймақта орналасқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Ақмола облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қанат Доспаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында 125 елді мекен су басуы мүмкін аймақта орналасқан

Брифингіде қысқы кезеңде автомобиль жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және алдағы ықтимал су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша қабылданып жатқан шаралар айтылды. Биылғы жылғы қаңтар айының басында Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен республикалық маңызы бар автожолдардың жабық учаскелеріндегі бекеттерден жылыту пункттеріне 261 адам орналастырылды, оның 27-сі бала. Облыстың автожолдарында шұғыл медициналық көмек көрсету үшін үш трассалық медициналық-құтқару пункті (Аршалы, Бұланды және Жақсы аудандарында) жұмыс істейді, олар шұғыл жағдайларда жылыту пункттері ретінде пайдаланылады.

«Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, ақпан айында ауа райы болжамы негізінен жылы және жауын-шашынды болады деп күтілуде. Ақмола облысының басым бөлігінде бір айда орташа ауа температурасы қалыпты жағдайдан 1°С жоғары болады деп болжануда (қалыпты жағдай -14, -16). Ақпан айында жауын-шашын мөлшері шамамен 10-31 мм болуы ықтимал. Көп жылдық бақылау деректері бойынша ақпан, наурыз және сәуір айларында жауын-шашынның айлық нормасы түсуі мүмкін, бұл қауіпті табиғи гидрометеорологиялық құбылыстардың туындауына соқтырады», – деді Қ.Доспаев.

Сонымен бірге, ол Ақмола облысының аумағында тасқын және еріген қар су басуы мүмкін аймақтарда 13 мыңнан астам адам тұратын 17 аудандағы 125 елді мекен, сондай-ақ жалпы ұзындығы 33,9 км болатын 74 автомобиль жолы (6 республикалық, 28 облыстық және 40 жергілікті жолдарда) және 4 темір жол учаскесі бар екенін атап өтті.

ТЖД басшысы орынбасарының айтуынша, биыл облыста су тасқынына дайындық өткен жылдың жаз мезгілінде басталды. Елді мекендерді инженерлік қорғау жөніндегі жоспарға сәйкес 53 елді мекенде су бұру арналарын жайластыру, кеңейту және тереңдету, өзен арналарын тазарту, су бұру арналарын тазарту, қолда бар топырақ үйіп бекітілген жерлерді нығайту және ұлғайту, бөгеттерді жөндеу, топырақ үйіп бекітілген жерлерді тұрғызу, су өткізу құрылыстарын жайластыру бойынша жұмыстар жүргізілді.

«Биылғы жылдың ақпан айынан бастап Ақмола облысының елді мекендерінде су тасқынына қарсы алдын алу іс-шараларын ұйымдастыру бойынша айлық жариялау жоспарлануда, халықпен жеке аулаларды су басуына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Департамент Ақмола және Қарағанды облыстары бойынша «Қазсушаруашылығы» филиалдарымен су қоймаларынан (Астана, Сілеті, Шағалылы, Самарқанд, Шерубай-Нұра және Ынтымақ) судың жоғары төгілуі туралы алдын ала хабарлау мақсатында жедел ақпарат алмасуды ұйымдастырды. Су тасқынына дайындыққа байланысты жоспарлы жұмыстар жалғасуда. Тасқын суларды апатсыз өткізу бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда», – деп түйіндеді Қ.Доспаев.