Ақмола облысында 139 мектеп жөнделді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында білім беру нысандарын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы және «Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасы бойынша 148 білім беру нысанына қаржы бөлінді, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ақмола облысында 139 мектеп жөнделді

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда облысьағы 28 мектепке күрделі жөндеу, 111 ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жақында «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде Зеренді орта мектебіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жөндеу жұмыстары барысында нысанның аумағы абаттандырылып, бедер тас төселді. Сонымен бірге, жергілікті 38 жұмысқа орналасты.

«Мектеп сыныптары жарық, жаңа терезе орнатылды. Әсіресе, карантиндік шаралар кезінде терезені ашып, бөлменің ішін желдетуге қолайлы. Сыныптардың есіктері де ауыстырылды. Жаңартылған линолеумде көзге түседі», - дейді Шағалалы орта мектебінің мұғалімі Нұрбот Сүлейменов.

Айта кетсек, жыл соңына дейін облыстағы 9 мектепте жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланған.