Ақмола облысында 15 мың теңге пара алған әскери лауазымды тұлға ірі көлемде айыппұл төлейтін болды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 15 мың теңге пара алған әскери лауазымды тұлға ірі көлемде айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Ақмола гарнизоны әскери соты Ақмола облысы Щучинск қаласының Біріккен қорғаныс істері басқарма басшысының міндетін атқарушысы азамат З.-ға қатысты ҚР ҚК 366-бабы, 2-тармағымен көзделген сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау жөніндегі істі қарады.
Сотта анықталғандай азамат З. әскери билетін жасатып алмақ болған азамат Р.-ны бопсалап, 15 мың теңге көлемінде пара талап еткен. Кейін көп ұзамай З. сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлерімен пара алу кезінде қолға түсті.
Сотта, айыпты өзінің кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Оған қоса, оның бұрындары сотты болмағаны және кәмелеттік жасқа толмаған екі баланы асырап отырғаны ескерілді.
Осылайша, Ақмола облысы гарнизонының әскери соты З.-ны ҚР ҚК 366-бабының 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танып, 883 032 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасын тағайындады. Оған қоса, «майор» әскери шені мен өмір бойына жоғары лауазымды қызмет атқару құқығынан айырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ», делінген хабарламада.