Ақмола облысында 157 үміткер əкім болып сайланды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 157 үміткер əкім болып сайланды. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметовтың БАҚ өкілдерімен болған брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Брифингте ол 8 тамызда өткен аудандық маңызы бар қалалар мен селолық округтердің және кенттердің әкімдерін сайлаудың қорытындысы туралы айтып берді.
Мемлекет басшысының 2013 жылдың 24 сәуіріндегі Жарлығына сай, сол жылы жергілікті әкімдерді сайлау өткізілген болатын. Сол уақытта төрт жыл мерзімге сайланған 246 ауыл әкімінің 136-сы төрт жыл бойы, яғни сайлау мерзімі аяқталғанша жұмыс істеген. Кезекті сайлау биылғы жылдың 8 тамызына белгіленген. Бұл сайлауға 136 селолық округі бойынша әкім болудан үміткер 412 адам ұсынылған. Оған қоса, шығып қалған 21 ауыл әкімінің орнына да үміткерлер ұсынылды.
Облыстық сайлау комисссиясы төрағасының айтуынша, ауыл әкімдеріне үміткерлерді ұсыну биылғы жылдың 9-13 шілдесі аралығында жүргізіліп, 23 шілдеде тіркеу аяқталған. 24 шілдеден 6 тамызға дейін үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген. Ауыл әкімдігінен үміткер 459 адам тіркеліп, сайлауға түскен. Солардың арасынан жүзден жүйрік шыққан 157 үміткер әкім болып сайланған.
Айта кетейік, ауыл әкімдерін аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары сайлайды. Облысымыздағы жергілікті мәслихаттардың 242 депутатының 231-і , яғни 95 пайызы дауыс беруге қатысқан. Сайланғандардың 99-ы бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан әкімдер болса, қалғандары жаңадан сайланғандар. Таяудағы бес күннің ішінде жаңа сайланған ауыл әкімдеріне куәлік беріліп, өз қызметтеріне кіріспек.