Ақмола облысында 19 жекеменшік клиника мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында тегін медициналық көмек көрсететін жекеменшік клиникалардың саны артып келеді. Бұл туралы «Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»  коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалының сарапшысы Шанхи Голубева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында 19 жекеменшік клиника мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді

Оның айтуынша, 2018 жылы медициналық ұйымдар арасында мемлекеттік тапсырыс бойынша медициналық көмек көрсететін  жекеменшік ұйымдар саны 33,8 пайызды құрайды. Қазір кезде осындай 19 медициналық мекеме мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 17 болатын.

Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық қызмет үшін бірыңғай төлемшілер жəне кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетудің операторы болып табылады.

2017 жылдың 7-13 қыркүйек күндері аралығында əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жəне кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің бірыңғай базасын жасады.

«Ақмола облысының денсаулық сақтау субъектілерінің бірыңғай базасына 68 медициналық ұйым кірді. Оның 45 мемлекеттік болса, 23 жекеменшік. Қазіргі кезде 63 медициналық ұйыммен (оның ішінде 19 жекеменшік) мемлекеттік тапсырыс бойынша 98 келісімшарт жасалды», деп түсіндірді «Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»  коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалының сарапшысы Шанхи Голубева.

Қазіргі кезде Көкшетау қаласында «Басар» ЖШС, «Авиценна», «Стоматология»,  «Мырза-Хан», «Invivo», «Көз орталығы», «ВВ Nura», «Көкшетау теміржол ауруханасы», «Нефрос-Азия» сияқты медициналық мекемелер мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді.