Ақмола облысында 2 мың теңгелік жалған купюралар жиі қолданылады
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 2016 жылы Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде жалған ақша фактілері бойынша 42 қылмыстық іс болған, оның 26-сы 2016 жылы тіркелген.
Бұл туралы жалған ақша жасау өндірісімен күрес тақырыбында өткен «дөңгелек үстел» барысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Ақмола облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті көлеңкелі экономикаға қарсы күрес басқармасының басшысы Айдос Жетпіспаевтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында Департамент қызметкерлерімен айналымнан әртүрлі номиналдағы 25 дана жалған купюра алынды.
«Оның 16 данасы «2000 теңгелік», 1 данасы «1000 теңге», 2 данасы «5000 теңге», 3 данасы «10 000 теңге», 3 данасы «100 долларлық» купюралар. Алынған жалған ақшалардың басым бөлігі 2000 теңгелік купюралар болып табылады», - деді Айдос Жетпіспаев.
Жоғарыда айтылғанның негізінде, азаматтар сатып алу немесе төлем жасау кезінде сақ болғандары абзал. Күмәнді жалған ақша қаражатын кездестірген сәтте Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің 25-14-88 немесе 25-45-51 телефондарына хабарласуға болады.
Шараға Ақмола облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және «Ұлттық банк» АҚ-ның облыстық филиал өкілдері қатысты.