Ақмола облысында 244 дәрігер жетіспейді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында 244 дәрігер жетіспейді, оның 88-і ауылдық жерлерге қажет. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бибігүл Омарова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда Ақмола облысының мемлекеттік медициналық ұйымдарында 8 мыңға жуық білікті қызметкер, оның ішінде 1 650 дәрігер мен 6 132 орта медицина қызметкері еңбек етеді.
«Кейінгі үш жылда облыс бойынша дәрігерлік кадрлардың тапшылығы екі есеге жуық төмендеді. Биыл облыс бойынша 244 дәрігер жетіспеушілігі бар (қалалық жерлерде – 156, ауылдық жерлерде – 88). Оның ішінде дәрігерлік практика – 35, терапия – 13, акушерлік-гинекология – 21, анестезиология – 23, педиатрия – 18, психиатрия – 3, офтальмология – 9, оториноларингология – 10, неонатология – 12 және радиология бойынша 1 маман.
Басқарма басшысы атап өткендей, осы жылдың 9 айында облыста жоғары медициналық оқу орнын бітірген 72 жас дәрігер жұмысқа орналасты. Медициналық кадрларды ынталандыру үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылданып отыр. Жатақхана беру, пәтер жалдау ақысын бірлесіп төлеу, балабақшалардан орын бөлу, жұбайын немесе зайыбын жұмысқа орналастыру арқылы дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
«Бұдан бөлек, өткен жылы медицина қызметкерлері үшін жергілікті бюджет қаражатынан жас мамандарға көтерме ақы төлеу 1 млн теңге болғанын, ал биыл облыстық мәслихат шешімі бойынша қолдау көлемі ұлғайғанын атап өткім келеді. Мәселен, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда жұмысқа орналасқан жас мамандар үшін көтерме ақы – 1,5 млн теңге, ал ауылдық жерлерде 2,5 млн теңге мөлшерінде қарастырылған. Жалпы, көтерме төлемдерді төлеу үшін ағымдағы жылы жергілікті бюджет қаражатынан шамамен 50 млн теңге бөлініп отыр. Жас мамандар саны ұлғайған кезде бөлінген қаражаттың жалпы сомасы ұлғаяды», - дейді Бибігүл Омарова.
«Дипломмен ауылға» жобасы бойынша биыл 20,8 миллион теңгеге 68 медицина қызметкеріне көтерме ақы берілді. Дәрігерлік кадрлардың тапшылығын азайту үшін жыл сайын резидентурада оқуға 35 грант, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға 50 грант бөлінеді. Орта буын медицина қызметкерлеріне жергілікті бюджет есебінен 190 грант, республикалық бюджеттің 20 гранты, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 50 грант және Ақмола облысындағы аудан әкімінің 1 гранты бөлінеді.
«Сонымен қатар, облыс орталығында медицина қызметкерлеріне арналған 40 пәтерлік үй салынды. Егіндікөл ауданында 8 орындық жатақханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Атбасар ауданында бос тұрған ғимараттардың бірі 30 орындық жатақхана ретінде қайта жөнделді. Ал, Жақсы ауданында 8 пәтерлі тұрғын үй салынды», - деп түйіндеді басқарма басшысы.
Айта кетсек, Ұлт денсаулығы жобасы аясында Көкшетауда көпбейінді аурухана салынады.