Ақмола облысында 264 бала «Алтын белгіге» үміткер

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Ақмола облысында 264 бала «Алтын белгіге» үміткер. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысында 264 бала «Алтын белгіге» үміткер

 Кеңесте алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық және өткізу, мектеп оқушыларының жазғы демалыстарын ойдағыдай ұйымдастыру, өңірлік коммуникациялар қызметінің жұмысы мен қалыптасып отырған қазіргі жағдайы туралы  мәселелер қаралды.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық және оны өткізу барысы туралы, жазғы каникул кездері балалардың денсаулығын сауықтыру, олардың демалысын ұйымдастыру жайлы  білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісов  хабарлама жасады.  Баяндамашының мәлімдеуінше, облыста 4986 мектеп бітіруші болса, олардың 3649-сы Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады деп күтілуде. Оның ішінде 264 бала «Алтын белгіге» және 126 мектеп бітіруші үздік аттестатқа үміткер. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «2017-2018 жылдарғы оқу жылын аяқтау туралы» 2018 жылдың 27 ақпанындағы №74 бұйрығына сәйкес, 29 мамыр мен 9 маусым аралығы емтихан өткізу мерзімі болып белгіленді.  Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеу облыс бойынша 11 орталықта өтеді. Оның 8-і облыс аумағында орналасқан, 3-уі Астанада.

«Мектептерде соңғы өткен алдын ала тестілеу облыс бойынша 80,3 балдың шамасындағы көрсеткішті көрсетіп отыр. Ал, екінші мәселеге келсек,  бүгінгі таңда облыста 17 сауықтыру орталығы қызмет істейді. Ол орталықтарда  5687 оқушы  табиғат аясында демалмақ. Облыс бойынша 1-10 сыныптарда оқитын барлығы 111700 оқушы болса, оның 99 пайызын осы орталықтарда демалдыру жоспарлануда. Мүмкіндігінше бірде-бір бала назардан тыс қалып жатқан жоқ. Балалардың жазғы демалысы көбіне мектеп жанындағы лагерьлерде ұйымдастырылуда. Мұндай лагерьлердің саны 600-ден асады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларындағы жас жеткіншектер де бұл жағынан басты назарда», деді Талғат Жүнісов.

Оқушылар үшін 5 адамды қамтитын «Ұлы дала елі» экспедициясы ұйымдастырылады. Бурабай ауданында 500 адамның қатысуымен республикалық туристік өлкетану экспедициялық отрядтарының слеті өткізіледі. Оған қоса 10 мың оқушы облыстың киелі жерлеріне саяхат жасайтын болады.

Жиынды қорытындылаған Мәлік Мырзалин айтылған барлық мәселелерді ескере келе, жауапты сала басшыларына  Ұлттық бірыңғай тестілеу және балалардың жазғы демалысын ойдағыдай ұйымдастыру және өткізу бағытында  қолға алынған жұмыстарға аса жауапкершілікпен қарап, уақтылы орындауды тапсырды.