Ақмола облысында 3 адам бір күнде жол апаттарынан көз жұмды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бір күнде екі жол апаты болып, салдарынан 3 адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 20 тамыз күні облыс аумағында адам өліміне әкеліп соқтырған екі жол апаты тіркелген.
«Оның бірі Аршалы ауданы аумағында «Алматы-Екатеринбург» тас жолының 1044-шақырымында болды.
1976 жылғы «Мерседес бенц» жүргізушісі жолдың жиегінде көлігін жөндеп жатқан 1956 жылғы ер адамды қағып кеткен. Ол алған дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Аталмыш фактіге байланысты ҚР ҚК-нің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды», - делінген таратылған хабарламада.
Сондай-ақ осы күні таңғы сағат 04:45 шамасында Ерейментау ауданы аумағындағы «Астана-Ерейментау-Шідерті» тасжолының 120-шақырымында жүк көлігі мен жеңіл машина соқтығысты. Торғай ауылының маңында «Шансиман» жүк машинасы мен «Ваз-2114» жеңіл көлігінің соқтығысуы салдарынан жеңіл көліктің 1989 жылғы жүргізушісі мен 1995 жылғы жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Қазіргі кезде жол-көлік оқиғасына байланысты ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық із қозғалды.