Ақмола облысында 3 мыңнан астам қылмыстық іс электрондық форматта тергелуде

Ақмола облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, отырыста электрондық тергеу нәтижелері мен өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Облыс прокуроры Айдос Майлыбаев қылмыстық істерді электрондық форматта толық және сапалы тергеуді қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Қазіргі уақытта Ақмола облысында 3 мыңнан астам қылмыстық іс немесе тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы санының 86 пайызы электрондық форматта тергелуде. Бұл жұмыс прокуратура мен барлық құқық қорғау және арнайы органдардың тығыз өзара іс-қимылында жүргізілетін болады», - деді облыс прокуроры Айдос Майлыбаев.
Отырыста айтылғандай, қылмыстық сот ісін жүргізудің электрондық форматын енгізудің мақсаты заңдылықты, ашықтықты, бейтараптықты қамтамасыз ету, сондай-ақ қылмыстық процесте ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау.
«Бұл жаңалық барлық тергеудің ашықтығын қамтамасыз етуге, іс материалдарының бұрмалануын болдырмауға мүмкіндік берді және дәлелдемелерді жинау және іс жүргізу құжаттарын жасау рәсімін жеңілдетті», - деп толықтырды облыс прокуроры.