Ақмола облысында 306 адалдық дүкені ашылды
Аталмыш шара облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен бірлесіп ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша мемлекеттік органдар жүргізіп жатқан жұмыстар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы бойынша 2018-2020 жылдарды қамтитын шаралар жоспарын іске асыру барысы қаралды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев кеңесте сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны орындау бойынша жүзеге асырып жатқан іс-шаралары туралы айтты.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің басым бағыты сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу және қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымын қалыптастыру болып табылады. Осы орайда, Департамент мемлекеттік органдарда жемқорлық тәуекелдерін анықтау, бизнес пен инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қолдау, Арнайы мониторингтік топ, ақпараттық-ағартушылық штаб жұмысы, «Ақмола – адалдық алаңы» жобасы аясында азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл сияқты бірқатар іс-шараларды өткізуде.
«Өңірде 306 адалдық дүкені ашылды және жұмыс істейді. Мемлекеттік органдар мен ұйымдарда барлығы 56 space, front office кабинеті ашылды. 723 мемлекеттік орган мен ұйымның бірінші басшылары ғимараттың бірінші қабаттарына көшірілді. Алайда, өткізілген іс - шараларға қарамастан, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар санының статистикасы жағдайға әсер етеді, сондықтан мемлекеттік органдар бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, азаматтық қоғамды кеңінен тарту арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысты күшейтуі қажет», - деп атап өтті департамент басшысы Мұрат Төлеубаев.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары, «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің кураторы Қанат Ыдырысов өз сөзінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалық актілерді орындау мақсатында 2020 жылы облыстық және аудандық әкімдіктер арасында жасалған меморандумға бағынышты тұлғалардың сыбайлас жемқорлық қылмыс жасауына жол бермеу бойынша көрсеткішті енгізу қажет екенін атап өтті.