Ақмола облысында 36 адам телефон алаяқтарының құрбаны болған

Ведомствоның дерегі бойынша, ағымдағы жылдың қаңтарында Бурабай аудандық ПБ 1942 жылғы зейнеткерден арыз түскен. Арызданушының сөзінше, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған белгісіз ер адам хабарласып, немересін қамаудан босату үшін ақша талап еткен.
«Құқық қорғау органдарының атын жамылған күдіктіні ұстауға арнайы топ құрылып, оған жедел және тергеу тобының ғана емес, ішкі қауіпсіздік бөлімшелерінің қызметкерлері де тартылды.
Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері Қостанай облысының тұрғынын ұстады», деп мәлім етті Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.
Күдікті хабарласқаннан соң өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, жақынын босату үшін 70 000 теңгеден 100 000 теңгеге дейін ақша талап еткен.
Қазіргі кезде ол ұсталып, осындай өзге алаяқтық қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталу үстінде.
Жалпы, өңірде осындай алаяқтық қылмыстың құрбаны болған 36 адам полицияға арызданған.
Барлық оқиға бойынша ҚР ҚК 190 бабы (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.