Ақмола облысында 49 адамнан қызылшаның белгілері анықталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында күн суытқаннан бері қызылшаға байланысты 49 оқиға тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне сілтеме жасап.
None
None

Ведомствоның дерегі бойынша 2018 жылдың соңында Ақмола облысы аумағында халықтың қызылшамен ауруы оқиғасы тіркелді.

"Дерт күз-қыс кезеңдерінде белең алды. Жалпы, облыс бойынша 49 адамнан қызылша ауруының белгілері байқалды. Оның 27-сі Сандықтау ауданының тұрғыны. Ауруды жұқтырғандардың дені қызылшаға қарсы екпе алмағандар. Нақтырақ айтсақ, 22 науқас - екпе алмаған 1 жасқа дейінгі сəби, 5 науқас медициналық көрсеткіштері бойынша екпе алмаған, 8-і - ата-аналары екпеге алуға рұқсат бермеген балалар. Сондай-ақ, 2 жасөспірім және 12 ересек адам екпе алмаған, ал не себепті екпе алмағаны әлі нақтыланбаған", деп түсіндірді Ақмола облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Азамат Дүйсенов.

Қазіргі кезде 22 бала ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайы қанағаттанарлық. 27 науқас емделіп шықты. Ал 35 науқастың қызылшаға диагнозы зертханада расталды. Қалғандарының анализдері зертханада тексеріліп жатыр.

"Науқастармен байланыста болған адамдар анықталып, дəрігерлердің бақылауына алынды. Науқастармен байланыста болған 24 адамға дерттің алдын алу үшін екпе егілді. Жағдай дəрігерлердің бақылауында", деп толықтырды департамент басшысы.

Дегенмен, Ақмола облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары облыс тұрғындарына қызылша вирусты жұқпа екенін ескертеді. Сондай-ақ, ата-аналарға баласының қызылшаға қарсы егілгенін тексеруді, екпе болмаған жағдайда - қызылшаға қарсы профилактикалық екпе алуды, катаралды құбылыстармен (дене қызуының 38-40 С жоғарылауы, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дәрігерге қаралу, қызылша ауруына тексеруден өту және оның барлық нұсқауларды орындауды ұсынады. Өйтпеген жағдайда аурудың соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Əсіресе, қызылша дертінің баланы өлімге немесе мүгедекке алып келу қаупі бар.

Соңғы жаңалықтар