Ақмола облысында 5 қаңтарға дейін қосымша шектеу енгізілмейді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биылғы жылғы желтоқсанның 25-і мен келер жылдың 5-ші қаңтары аралығында Ақмола облысында қосымша шектеу шаралары енгізілмейді. Бұл туралы өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қолданыстағы қаулысында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында 5 қаңтарға дейін қосымша шектеу енгізілмейді

Бұл туралы брифингіде Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов атап өтті.

«Ведомствоаралық комиссияда 25 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін мерекелік іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық кештерді өткізуге шектеу қою туралы шешім шығарылған болатын. Бүгінгі таңда Ақмола облысында бұл тыйым өңірдің бас санитарлық дәрігерінің 23 қарашадағы №224 қаулысымен бекітілген», - деп атап өтті Серік Омарханов.

Оның айтуынша, мереке күндері мониторинг топтары белсенді жұмыс істейді. Қоғамдық тамақтану нысандары тарапынан ертеңгілік пен корпоратив өткізу кезінде санитарлық талаптың бұзылғандығы анықталған жағдайда, онда сенбі және жексенбі күндері оларды жабу туралы мәселе көтеріледі.

Сонымен қатар, Аяз Ата мен Ақшақарды үйге шақыруға тыйым салынбағаны айтылды.

Жалпы, пандемия басталғаннан бері Ақмола облысында коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша 6 803 жағдай тіркелді. Оның 91 пайызы ересектер, 9 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар.

«Бүгінгі күнге дейін 5 813 адам сауығып шықты. 94 адам қайтыс болды. 380 науқас стационарда емделуде», - деді С.Омарханов.

Желтоқсанның 16-23 күндері аралығында өңірде 404 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны тіркелді. Бұл көрсеткіш алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,2 пайызға аз.