Ақмола облысында 500-ге жуық мемқызметші білімін жетілдірді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың басынан бері Ақмола облысында 467 мемлекеттік қызметші ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аймақтық филиалында білімін жетілдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында 500-ге жуық мемқызметші білімін жетілдірді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Ақмола облыстық филиалының директоры, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Белла Газдиева мен филиалдың білім беру бағдарламасын әзірлеу және жүзеге асыру кабинеті аға оқытушысының міндетін атқарушы Анар Қалжанова мемлекеттік қызметшілерді оқыту, біліктілігін көтеру және шетелде тәжірибе жинақтау туралы айтып берді.

«Бүгінгі күні өзінің келешегін мемлекеттік қызметші ретінде көргісі келген адам міндетті түрде өзінің білімді, оқыған болуын түсінуі тиіс. Оларға мұндай мүмкіндікті ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Ақмола облыстық филиалы ұсынады», - деп атап өтті Белла Газдиева.

Оның сөзінше, биылғы төрт айда 5 курс пен 18 семинар ұйымдастырылып, 467 мемлекеттік қызметші білімін жетілдірді. Қатысушылар негізінен ағылшын тілін меңгеруге көңіл бөледі. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілердің шетелде докторантура және магистратура бағдарламасы бойынша білім алуына болады. Мемлекеттік басқару академиясы шет мемлекеттердің халықаралық академияларымен және мектептерімен меморандумға қол қойған. «Өңірлік даму» бағдарламасының ағылшын тілін меңгерген қатысушылары мен студенттерінде Германияға барып, ауылдық аумақтарды дамытуға, Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі қалаларында болып, «Smart City» тұжырымдамасын зерттеуіне зор мүмкіндік бар.

Сонымен қатар, Белла Газдиева академия филиалында бірқатар әлеуеметтік жобалар барын атап өтті. Оның ішінде балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесу, ауылдық окургтерге барып сонда тұрып жатқан балалармен жұмыс істеу, «Шекарасыз білім» жобасы шеңберінде тренинг-мектеп өткізу жоспарланған, «Бақытты отбасы академиясы» жобасы шеңберінде психологтар жас отбасылармен жұмыс жүргізіп, арнайы тренинг өткізбекші. Ал алдағы маусым айының 10-14 күндері аралығында «Жемқорлыққа қарсы мектеп» жобасы шеңберінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттерінің бастамасымен адал болу, жемқорлыққа қарсы нөлдік төзімділік, Отан алдындағы жауапкершілікті нығайту қағидасы бойынша шара өткізу жоспарланған.

«Шілденің 10-на дейін академияға түскісі келетіндерден құжаттар қабылданады. Ал оқуға қабылдау 2019 жылдың 10 тамызында жүзеге асырылады», - дейді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Ақмола облыстық филиалының білім беру бағдарламасын әзірлеу және жүзеге асыру кабинеті аға оқытушысының міндетін атқарушы Анар Қалжанова.

null