Ақмола облысында 57 жастағы ер адам өрттен көз жұмды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Жарқайың ауданында 57 жастағы ер адам өрттен көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметовке сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 23 қаңтар күні сағат 14:52-де Ақмола облысының ТЖД «101» нөміріне Жарқайың ауданының Тасуат ауылындағы жеке үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен.
«Өрт 80 шаршы метр аумақты қамтыды. Тілсіз жауды ауыздықтауға Ақмола облысының ТЖД жеке құрамынан 7 адам және 2 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Өрт 15:40-та ауыздықталды. Оқиға орнынан 1961 жылы туған ер адамның денесі табылды», - деп түсіндірді ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталып жатыр.