Ақмола облысында 6 айлық баладан коронавирус анықталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында тағы 15 адамнан короновирус анықталды. Науқастардың арасында 6 айлық сәби де бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы тәулікте коронавирус жұқтырған 15 науқастың 11-і Көкшетау қаласында, 1-еуі Жарқайың ауданында, 3-еуі Сандықтау ауданында (оның екеуі Каменка және біреуі Преображенск ауылдарында) тіркелді. Науқастардың арасында 2020 жылдың қаңтар айында туған сәби де бар.
«Науқастардың екеуі дертті Нұр-Сұлтан қаласынан жұқтырып келген. Бір адам Алматыдан Ақкөлге келген, тағы үш адам жерлеу рәсіміне қатысқан, бір әйел осыған дейін індет жұқтырған отбасымен байланыста болған. Тағы бір адам жұмысында әріптесінен жұқтырып алған», - дейді ведомстводан.
Ведомстводан атап өткендей, Ақмола облысында коронавирус жұқтырғандардың саны 242 адамды құрады.