Ақмола облысында 7-ші қысқы Азия ойындары алауының шеруі басталып кетті

Әуежайда БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихаты өткізіліп, іс-шара Азиада алауын «Қазақстан халық Банкі» Ақмола филиалында арнайы сақтауға қоюмен ұласты. Бүгін эстафета шеруі Щучье-Бурабай курорты аймағы мен Көкшетау қаласында өз жалғасын табатын болады. Іс-шара аясында аймақтағы спорт кешендерінде, «Тәуелсіздік», Абылай хан алаңдарында жұртшылықпен жүздесу қарастырылған. Өңір басшысы Сергей Дьяченконың қолына табысталған алауды есімі әлемге танымал спортшылар, белгілі кәсіпкерлер, мәдениет және өнер қайраткерлері, өңірдің құрметті азаматтары қолдан қолға өткізетін болады. Шеруге 60 алау ұстаушы қатыспақ. Шара барысында Азиаданың маңызы, оған ақмолалықтардың қатысуы, жерлестеріне жүктелер міндет ауыртпалығы тілге тиек етіліп, гала-концертке ұласпақ.