Ақмола облысында 800-ден астам заңсыз қоқыс орындары анықталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында қатты тұрмыстық қалдықтар шығаруға арналған 130 жер телімінің 24 ғана экологиялық талаптарға сай келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қадырхан Бейсенбаевтың мәліметінше, бүгінгі таңда өңірде қоқыс үйінділерінің қалыптасуы өзекті мәселе болып отыр.
«Облыс бойынша жыл сайын өткізілетін санитарлық абаттандыру айлығына қарамастан, есепке алынбаған стихиялық санкцияланбаған қоқыс үйінділері көбейіп келеді. Бұған әрине, жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың әлсіздігі және полигондарда коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, орналастыру бойынша қажетті инфрақұрылымның болмауы себеп болып отыр», - дейді Қадырхан Бейсенбаев.
Департамент басшысы атап өткендей, Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары «ҰК» АҚ-мен бірлесіп қалдықтарды орналастырудың рұқсат етілмеген орындарын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде.
2021 жылы Ақмола облысында 1329 заңсыз қоқыс орны анықталды. Биылғы жылы да ғарыштан түсірілген суреттер негізінде өңірде 830 полигон анықталып, оның 757 немесе 91 пайызы жойылды.
«Полигондардың пайда болуының басты себептерінің бірі-облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар заңдастырылған полигондарының аздығы. Мәселен, өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру үшін 130 жер учаскесі бөлінген. Алайда олардың тек 24-і ғана экологиялық талаптарға сай келеді. Облыстың 10 ауданында және Көкшетау қаласында заңдастырылған полигондар мүлдем жоқ», - деп толықтырды Қ.Бейсенбаев.
Осы ретте, Целиноград, Аршалы, Зеренді аудандарында және Көкшетау қаласында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің ең көп саны анықталып отыр. Оның ішіеде стихиялық қоқыс үйінділерін жою жөнінде шаралар қолданбағаны үшін Аршалы және Біржан сал аудандарының лауазымды тұлғалары, ал талаптарды сақтамағаны үшін жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.