Ақмола облысында 9 ауыл әкімі тәртіптік жазаға тартылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Өткен жылдың қорытындысы  бойынша Ақмола облысында 9 ауыл әкімі тәртіптік жазаға тартылды. Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі кеңес хатшысы Дархан Хайруллин мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ақмола облысында 9 ауыл әкімі тәртіптік жазаға тартылды

Оның айтуынша, 2016 жылдың қорытындысы бойынша 11 кеңес отырысы өтіп, 57 заң бұзушылық қаралған.

«Біздің өз құзыреті шеңберінде мемлекеттік қызмет саласын реттеп, бақылау, тексеру, анықтау, жолын кесу сияқты функцияларды жүзеге асырады және мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мемлекеттік бақылау жасайды. Осы бағытта жүргізілген шаралар барысында өткен жылы тіркелген заң бұзушылықтардың 33-і тәртіптік іс болса, 24-і мемлекеттік қызмет заңнамасының бұзылуы және жемқорлықты алдын алу бағытындағы шаралар. Кеңес жұмысының қорытындысына сай әдеп бойынша 31 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның арасында 1 аудан әкімі (А корпусы), 3 аудан әкімінің орынбасары, 1 аудан әкімі аппаратының басшысы, 9 ауыл әкімі, 10 аудандық мемлекеттік органдардың басшылары, 2 облыстық басқарманың басшылары және 4 бас маман бар», - деді Д.Хайруллин.

Сонымен қатар, 36 қоғамдық қабылдау өткізіліп, түрлі сауалдарымен келген 73 адамның арыз-шағымы қаралған.

«Қоғамдық қабылдау біздің қызметіміздің имиджі мен халықтың  қорғалуына оң ықпал етеді. Мәселен, С.Грибанова мен Е.Рихтердің арызы бойынша Есіл ауданындағы Двуреченский селолық әкімі апаратына тексеріс жүргізіліп, мемлекеттік қызметтің Әдеп кодексінің бұзылғаны анықталды. Сол себепті, аталған округ әкімінің үстінен Әдеп кодексінің бірқатар пункттері бойынша тәртіптік істер қозғалып, «қатаң сөгіс» түрінде жаза тағайындалды.

Дәл осындай тәртіптік іс Жарқайың ауданы Отрадная селолық округі әкімінің үстінен де қозғалды. Бұл жерде окург әкімі мас күйінде көлік жүргізу куәлігінсіз рөлге отырған. Отырып қана қоймай, полиция қызметкеріне бағынбаған. Оған Әдеп кеңесі отырысында «қызметінен босату» туралы шешім шығарылды», деді Д.Хайруллин.