Ақмола облысында ағаш өңдеу цехынан өрт шықты

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Целиноград ауданындағы ағаш өңдеу цехынан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысында ағаш өңдеу цехынан өрт шықты

Ведомствоның мәліметінше, өрт бүгін түнгі сағат 00:22 шамасында Қосшы аулында болған. Қазандықтан шыққан өрт, ағаш өңдеу және металл өнімдері цехынан шығып, 750 шаршы аумақты шарпыды.

Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД жеке құрамынан 14 қызметкер және 2 техника, Нұр – Сұлтан қаласының ТЖД 14 қызметкер және 2 техника, Жергілікті атқарушы органдардан 2 адам және 1 техника, жедел жәрдем медициналық қызметінен 5 адам және 2 техника, ДП 6 қызметкер және 3 техника жұмылдырылды. Өрт сағат 02:35 ауыздықталып, 04:20 сөндірілді.

«Сол маңдағы жатаханада болған 29 адам (оның 4 бала) қауіпсіз жерге шығарылды. Мерт болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр», - деп түсіндірді ведомстводан.