Ақмола облысында ағасы інісінің орнына ҰБТ тапсырмақ болды
Ведомствоның мәліметінше, 18-20 тамыз аралығында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің базасында Ұлттық бірыңғай тестілеу өтті. Ақмола облысында 531 түлек тестілеуге қатысуға өтініш берді, оның ішінде 440 түлек қатысқан.
Айта кетейік, жоғары білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында ЖОО-ға ақылы негізде түсу үшін түлектер тестілеуді жылына 4 рет тапсыра алады. ҰБТ-ның ашықтығы мен объективтілігін қоғамдық бақылау үшін Білім және ғылым министрлігінің бұйрығының негізінде жұмыс тобына байқаушы ретінде «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері кірді.
Мониторинг барысында 9 талапкер ҰБТ-ға жіберілмеді, тағы үшеуі аудиториядан шығарылды. Мұндағы басты себеп – талапкерлер тыйым салынған заттарды алып өтуге және қолдануға тырысқан, ҰБТ өткізу ережелерін бұзған.
«Талапкерлерді тестілеуге жіберу кезінде біз бөтен тұлғаны да анықтадық. Тестілеуден өтер алдында түлектердің қолында рұқсат қағазы және сәйкестендіру үшін жеке куәлігі болуы тиіс. Алайда, мектеп түлегі ретінде көрінген жас жігіт екі жеке куәлікпен келді. Кейінірек белгілі болғандай, ол інісінің орнына тест тапсыруға тырысты. Осы факті бойынша тиісті акт жасалды», - деп атап өтті «Ақмола - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі, жұмыс тобының мүшесі Самира Тайтенова.
Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті оқушыларды тек өз біліміне ғана сүйене отырып, тест тапсыруға шақырады. Ал ата-аналарға тестілеу қорытындысы бойынша оң баға алу мақсатында пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілік және бас бостандығынан айыру жазасы бар екенін ескертеді.
Егер азаматтар осындай жағдайға тап болса, 1424 Call-орталығына қоңырау шалуы тиіс.