Ақмола облысында әлеуметтік төлемдер бойынша берешек мәселесі талқыланды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ақмола облысында әлеуметтік төлемдер бойынша берешек мәселесі талқыланды

Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік әріптестік тараптардың, мүдделі облыстық басқармалар мен ведомстволардың өкілдері, өңірлердің әкімдері – аудандық және қалалық комиссиялардың төрағалары – жылдың басымен салыстырғанда ақпанның екінші онкүндігінің соңындағы әлеуметтік төлемдер бойынша берешек жөніндегі жағдайға талдау жасады. Бірқатар өңірлерде 1 қаңтардан бастап міндетті зейнетақы жарналары, МӘМС аударымдары бойынша берешек сомасы ұлғайды, басқаларында, керісінше, төмендеді. Биылғы төлемдерді есепке алмағанда берешек 287 миллион теңгені құрайды, жыл басынан бері ол 40 миллион теңгеге (12 пайыз) төмендеді. Әлеуметтік төлемдер бойынша берешек сомасы ондаған миллионға есептелетін ең ірі борышкер кәсіпорындар аталды.

«Барлық аудан әкімдері осы борышкерлердің қай аумақта екенін, олардың әрқайсысымен жеке жұмыс істеу керектігін естіді деп ойлаймын. Жағдайды тоқсан қорытындысы бойынша, содан кейін жартыжылдық қорытындысы бойынша қадағалайтын боламыз», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Отырыста әлеуметтік төлемдердің берешегін өтеу бойынша жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында жалақыны арттыру мәселелері талқыланды.

Отырысты қорытындылай келе, Ермек Маржықпаев міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті өтеу бойынша жұмысты тұрақты негізде жүргізу туралы бірқатар тапсырмалар берді. Ақмола облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы, өңірлердің әкімдері, жұмыс беруші ұйымдар және жұмысшылармен бірлесіп, ақмолалық еңбекшілердің әл-ауқатын арттыру жөніндегі қызметті жандандыру тапсырылды.