Ақмола облысында ASHYQ жобасы бойынша 48 QR коды берілді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Ashyq» жобасын енгізу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, қосымшаны енгізудің негізгі мақсаты – жұқтырған немесе байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға баруынң алдын алу, карантин кезінде азаматтардың вирус жұқтыру қаупінсіз шағын және орта бизнес жұмысын қалпына келтіру.
«Сәуірдің 26-нан бастап жобаға еліміздің барлық облыстары қатысуда. 1827 нысанның 953-і тестілік режимде жұмыс істейді. Қосымшаны 400 мың пайдаланушы жүктеп алды. Қазіргі уақытта жоба келесі нысандарда жүзеге асырылуда: фитнес-клубтар, спа-орталықтар, компьютерлік клубтар, боулинг-клубтар, кинотеатрлар, театрлар, филармониялар, қоғамдық тамақтану объектілері, фаст-фудтар, стрит-фудтар, бильярд және концерт залдары. Мамырдың 5-нен бастап жобаға караоке мен концерт залдарын қосу жоспарлануда», - деп атап өтті А.Мусина.
Айта кетейік, Ақмола облысы бойынша жобаға Көкшетау және Степногорск қалалары енгізілген. Бұл қалаларда 50-ге жуық QR-код берілді (Көкшетауда-35 және Степногорскіде-13). «Ashyq» қатысушыларының тізімі облыс әкімдігінің ресми интернет-ресурсында жарияланады.