Ақмола облысында астық сату мәселесі әлі күрделі күйінде тұр - С. Жалмағамбетова
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үкімет астық өндірушілерге олардың астықтарын үкіметаралық келісімдер бойынша сатуға, сондай-ақ мемлекеттік резервке сатып алуға жәрдемдесетіні туралы уәде берген секілді еді. Бұған байланысты бюджеттен 5 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді, астықтарды порттарға жеткізу үшін тиісті қаржы жұмсау туралы келісілді. Алайда, өкінішке қарай, Ақмола облысы бойынша астықты сату мәселесі қиындап отыр. Жұртшылықпен кездесулер барысында бұл мәселе алға тартылды. Сандықтау, Зеренді, Бұланды және басқа да ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері қалыптасқан жағдайға орай үлкен алаңдаушылықтарын танытып отыр», деді сенатор. Оның айтуынша, тіпті «Азық-түлік корпорациясы» тарапынан сатып алынады делінетін астықтың өзі элеваторларда жатқан көрінеді. Осыған орай, С. Жалмағамбетова бүгінгі күні астықты сату мен сақтауға қатысты кепілдіктер болмай отырғанын алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, ақпанның 24-індегі мәліметтер бойынша ішкі азықтық қажеттіліктерді қоса алғандағы 5 млн. 343 мың тонна астықтың 1 млн. 325 мың тоннасы ғана сатылған. «Сондықтан, Үкімет астықты сатуға қатысты шараларды жеделдету қажет деп білеміз», деді С. Жалмағамбетова.