Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығына қарамастан 900-ге жуық көлік жолға шығып кеткен
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Ақмола облысында жолға шыққан 9 адам (оның бірі бала) құтқарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі аймақтық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТЖД мəліметі бойынша, 2016 жылдың 21 желтоқсанында (ауа температурасының төмендеуі, боран жəне көктайғақтың салдарынан) облыс аумағында қоғамдық және дизельді көліктер үшін жол қозғалысына шектеу қойылған.
«Аймақтық ТЖД, жергілікті полиция қызметі, жергілікті атқарушы органдар жəне «ҚазАвтоЖол» РМК бірлесіп, жолға шыққан 896 көлікті шығарып салды. Оған қоса, 9 адамды (оның бірі бала) қауіпсіз жерге шығарды. Қазіргі кезде, жол қозғалысының қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, қар тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, осы күні апатты-құтқару мен түсіндіру жұмыстарына аймақтық ТЖД жеке құрамынан 22 адам жəне 10 арнайы техника жұмылдырылды», - деп көрсетілген хабарламада.