Ақмола облысында аусыл ауруына байланысты жойылған малдардың иелеріне тиісті өтемақылар берілуде

АСТАНА. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Аусыл ауруының анықталуына байланысты Ақмола облысында жойылған үй жануарларының иелеріне ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес тиісті өтемақылар берілуде.

Ақмола облысында аусыл ауруына байланысты жойылған малдардың иелеріне тиісті өтемақылар берілуде

Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті басқармасының бастығы Ақын Ыспұлаев айтты.

«ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес өтемақының көлемі - малдың нарықтағы орташа бағасының 50 пайызына тең. Мысалға, бүгінгі күні сиырдың нарықтағы орташа құны шамамен 70-75 мың теңге тұрады. Бұл нақты баға және өтемақы мал жойылуға алынған күні қолма-қол төленеді», - деп атап өтті ол.

Еске сала кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы маусымның 15-і күні, Ақмола облысы Ерейментау ауданы Новодолинка ауылында тексеру жүргізіп, 241 ірі қара мал басынан «О» антиген типті аусыл ауруын тапқан болатын.

А.Ыспұлаев анықтағандай, бұл аумақта барлығы 2 мыңға жуық бас мал жойылуға жатады. Бүгінге дейін жұмыстардың 80 пайызы орындалды.