Ақмола облысында балабақшадағы балалар санын 25-ке дейін арттыруға рұқсат етілді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның 10 наурыздағы қаулысымен аймақтағы карантиндік шектеу шараларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Олар негізінен мектепке дейінгі мекемелердің жұмысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы қаулыға сәйкес, Ақмола облысында бұқаралық іс-шараларды өткізуге, ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалардың ойын алаңдары мен аттракциондары, батуттар және басқалар), букмекерлік кеңселер мен ересектерге және балаларға арналған басқа да ойын-сауық мекемелерінің, кальян, банкет залдарының қызметіне, мерекелік корпоративтік кештерді ұйымдастыру мен өткізуге, көрермендермен спорттық іс-шаралар өткізуге тыйым сақталады.
Жаңа қаулыдағы өзгерістер мектепке дейінгі балалар мекемелеріне қатысты: балабақшалардың кезекші топтарында енді 15 емес, 25 адамға дейін рұқсат етіледі.
Сондай-ақ қалааралық автобус, шағын автобус тасымалдарының, қалалық тұрақты емес тасымалдардың қозғалысы жанданады. Бұл ретте, толымдық орындар санының 75 пайызынан аспауы, бірақ 15 адамнан артық болмауы қажет. Осындай шарттармен облысаралық және қалалық тұрақты емес (туристік) тасымалдардың қозғалысына да рұқсат етіліп отыр.
Ашық және жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың (сауда үйлерінің, сауда орталықтарының, павильондардың, дүкендердің және базарлардың типі бойынша басқаларының) қызметіне рұқсат сақталып отыр. Талап: 1 адамға 4 шаршы метр аумақтан келуі тиіс және бутиктерде әлеуметтік қашықтық сақталуы қажет.
Асханаларда үстелдер арасындағы қашықтық 2 метрден кем емес және келушілер арасында 1 метрден кем емес болуы қажет. Толымдық 50 пайызға дейін және отыратын орын саны 50-ден аспауы тиіс. Нысандардың жұмысына сағат 07.00-ден 00.00-ге дейін рұқсат. Алайда, салтанатты, отбасылық, естелік, ұжымдық іс-шаралар және адамдар көп жиналатын басқа да іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.
Сонымен қатар, 2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанына қатысты шешімдер сақталып отыр: 300 оқушыға дейінгі контингенті бар, сыныптардағы балалар саны 15 адамнан аспайтын қалалық және ауылдық мектептерде дәстүрлі форматта оқуға рұқсат етіледі. 2021 жылғы 1 наурыздан бастап оқыту мектепалды сыныптардың оқушылары үшін жалпы білім беретін мектептерде 1–ден 5-сыныпты қоса алғанда, халықаралық мектептерде 1-ден 7-сыныпты қоса алғанда, сыныптардағы балалар саны 25 адамнан аспайтын аралас форматта жүргізіледі.
Мектеп бітіруші сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) аптаның 6 күнінде аралас форматта оқиды. Бұл ретте оқушылардың 70 пайызы пәндерді штаттық режимде, 30 пайызы қашықтан (сыныпта 15 адамнан артық емес, «1 сынып – 1 кабинет» қағидаты бойынша оқыту, санитарлық-дезинфекциялық және маскалық режимдерді сақтау) білім алады.
Сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқыту білім беру ұйымы әкімшілігінің шешімі бойынша ұйымдастырылады.