Ақмола облысында барлық бағыттар бойынша жолдар жабылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республиканың төрт облысында автокөлік қозғалысы шектелді. Бұл туралы «Қазақавтожол» РМК баспасөз қызметі хабарлады.

Ақмола облысында барлық бағыттар бойынша жолдар жабылды

Ақмола облысында 12 қаңтарда сағат 20:00-дан бастап бұрқасын мен көрінімнің шектелуі салдарынан барлық бағыттарға жолдар жабылды.

Павлодар облысында 12 қаңтарда сағат 20:30-дан бастап ауа райының нашарлауына байланысты «Қызылорда-Павлодар» жолы (1206-1135-ші шақырымдар, Шідерті кенті-Қарағанды облысының шекарасы), сондай-ақ «Қалқаман-Майқайың-Баянауыл-Ульянов» автожолы (138-231-ші шақырымдар, Баянауыл кенті-Қарағанды облысының шекарасы) жабылды.

Қызылорда облысында ауа райының нашарлауына байланысты «Қызылорда-Павлодар» автожолында (12-216-шы шақырымдар, Қызылорда қаласы - Қарағанды облысының шекарасына дейін) автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелді.

Қарағанды облысында ауа райының нашарлауына байланысты (жаңбыр, автожолдың жүріс бөлігінде сазды балшық) «Қызылорда-Павлодар» автожолында (216-424-ші шақырымдар, Қызылорда облысының шекарасынан Жезқазған қаласына дейін) автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелуі сақталуда.