Ақмола облысында «Бастау бизнес» жобасы жемісін беріп отыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Бастау бизнес» жобасы өз жемісін беруде. Көптеген кәсіпкерлер қайтарымсыз ақша алып, өз ісін ашуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ақмола облысында «Бастау бизнес» жобасы жемісін беріп отыр

Ведомствоның мәліметінше, Егіндікөл ауданында соңғы екі жылда 133 адам арнайы курстан өтіп, 43 кәсіпкер өз ісін ашқан. Соның бірі - ағылшын тілінің мұғалімі Гаухар Құсайынова.

Диплом алып, ауылға мұғалім болып жұмысқа орналасқан ол қосымша табыс көзін іздеген. Кейін «Бастау Бизнес» жобасының арқасында Гаухар арнайы курстан өтіп, жеке ісін ашты.

«Мен мектептен тыс қосымша сабақтар өткіздім. Содан кейін «Бастау» бағдарламасы туралы біліп, аудандық кәсіпкерлер палатасына жүгіндім. Осыдан кейін арнайы курстан өтіп, өзімнің бизнес-жоспарымды қорғадым», - дейді кәсіпкер.

Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы директоры Мерхат Бектуровтың айтуынша, биыл 12 кәсіпкерге қаржылай көмек көрсетілді. Оған Гаухар сияқты жас мамандар мысал бола алады.

Дәл осындай белсенді жастар үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет. Осы жылдың өзінде Егіндікөл ауданында 10-нан астам кәсіпкер өз ісін ашты.

Егіндікөл ауданының көптеген тұрғындары өз ісін ашуға тырысуда.

Айта кету керек, карантинге байланысты елімізде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн-режимде жүргізілуде.