Ақмола облысында бес қаруы сайланған браконьерлер ұсталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Ақмола облысының Қорғалжын ауданында мемлекеттік табиғи қорықта заңсыз аңшылықпен айналысқан браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлердің мәліметі бойынша, 30 қаңтарда Қорғалжын аумағында жергілікті полиция қызметі, табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері мен мемлекеттік табиғи қорықтың мемлекеттік инспекторлары бірлесіп жүргізген рейд барысында бір астаналық және жергілікті үш тұрғын ұсталды.
«Тексеріс кезінде күдіктілер бақылауға алынған мемлекеттік табиғи қорықта заңсыз аңшылықпен айналысып жүргені анықталды. Олардан ТОЗ-34 Р 12 калибрлі тегіс ұғымалы мылтық, СКС маркалы карабин, 5 пышақ, 100-ге жуық оқ-дəрі, «HYUNDAI» маркалы навигаторы, «БПЦ 7*50» дүрбісі, үш «ADOFENG» рациясы жəне 14 қап тəркіленді. Аталған оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 380-бабының 1-бөлімі жəне 382-бабының 3-бөлімі бойынша əкімшілік хаттама толтырылды», деп көрсетілген хабарламада.
Еске сала кетейік, осыдан бірер күн бұрын Егіндікөл ауданының Жалманқұлақ ауылы маңында қарда жүретін көлікпен (снегоход) аң аулап жүрген екі адам ұсталған болатын. Ұсталғандардың 1963 және 1969 жылы туған Целиноград ауданының тұрғындары екені анықталды. Тексеріс барысында олардың да көліктерінен заңсыз атып алған 9 түлкі, ТОЗ-34 12 және МР-155 12 калибрлі мылтық, 20 дана «Феттер» оғы тәркіленіп, үстерінен ҚР ҚК 337 бабының 1 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.