Ақмола облысында бір азамат өзінің туған ұлын өлтірді деген күдікпен қамауға алынды
АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ақмола облысында жан түршігерлік оқиға орын алды, Целиноград ауданына қарасты Қабанбай батыр ауылының тұрғыны өзінің туған ұлын өлтірді.
Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлағанындай, 15 қазан күні аудандық бөлімшеге учаскелік инспектордан елді мекендегі үйлерінің бірінен 1970 жылы туған азаматтың мәйіті табылғандығы жөнінде телефон хабарламасы келіп түскен.
«Сот-медициналық сараптаманың актісі бойынша, өлім көкірек тұсындағы өткір затпен шаншылған-кесілген жарақаттың салдарынан болған», - делінген баспасөз хабарламасында.
Жедел-іздестіру операциясы барысында, азаматқа ауыр жарақаттар салып, ажал құштырған 1954 жылы туған оның өз әкесі екендігі анықталады.
Қазіргі уақытта адам өлтірді деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Қандықол әке тергеу изоляторында қамауда отыр.