Ақмола облысында бір күнде 100-ден астам көлік соқтығысты
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының 5 ауданында ауа райының күрт құбылуы салдарынан 100-ден астам автокөлік соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, таңғы сағат 08:30 бастап, ауа райына байланысты Ақмола облысында автокөліктердің барлық бағыттары уақытша жабылды.
«Аршалы, Астрахан, Ерейментау, Целиноград, Шортанды аудандарында авокөлік кептелістері болды. Автомобиль жолдарын тазалау мен құтқару жұмыстарына 158 бірлік арнайы техника (жол қызметі, жергілікті атқарушы органдар, ТЖД-19) және жеке құрамның 171 қызметкері жұмылдырылды», - деді Руслан Иманқұлов.
Сонымен қатар, Ақсуат орта мектебінің 2 қабатты ғимаратының шатыры (120 шаршы метр), Еркіншілік орта мектебінің 3 қабатты ғимаратының шатыры (1700 шаршы метр) және Балалардың шығармашылық үйінің 2 қабатты ғимаратының шатыры (50 шаршы метр) желге ұшты.
Ауа райының тосын мінезінен зардап шекендер жоқ. Апатты-құтқару жұмыстары одан әрі жалғасуда.