Ақмола облысында бір күнде 3 жол апатынан 3 адам зардап шекті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бір тәуліктің ішінде 3 жол апаты болып, үш адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында бір күнде 3 жол апатынан 3 адам зардап шекті

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 қазан күні Көкшетау қалалық ПБ кезекшілік бөліміне жедел жәрдем көлігінің фельдшері хабарласып, Баймұқанов және Есенберлин көшелерінің қилысында жол апаты орын алғанын айтқан.

«Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары Баймұқанов көшесінде велосипедпен жүріп келе жатқан 1957 жылғы ер адамды «Hyundai Elantra» көлігі қағып кеткенін анықтаған. Солға бұрылып бара жатқан көлік жүргізушісі велосипедшіге жол бермеген. Зардап шеккен велосипедші Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілді», - дейді ведомстводан.

Сол күні Целиноград ауданы аумағында екі жол апаты тіркелді.

«Нұр-Сұлтан қаласының 43 жастағы тұрғыны тізгіндеген «Nissan Almera» көлігі «Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шідерті» тас жолының бойында «Volkswagen Golf» көлігімен соқтығысқан. «Volkswagen Golf» көлігі істен шығып жолдың шетінде тоқтап тұрған. Жол апатынан аталмыш көліктің 39 жастағы жүргізушісі түрлі ауыр жарақаттармен Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми- зерттеу институтының жансақтау бөліміне жатқызылды. Сол күні Қосшы ауылындағы Баубек батыр көшесінде «Shacman» жүк көлігі мен «ВАЗ-21099» жеңіл көлігі соқтысты. Бұл жол апатынан жеңіл көліктің 61 жастағы жүргізушісі, Тайтөбе ауылының тұрғыны Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық ауруханасына жеткізілді», - деді ПД баспасөз қызметіндегілер.

Ведомстводан атап өткендей, қазіргі кезде үш жол-көлік оқиғасына қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.