Ақмола облысында бірінші болып дауыс берген мехнизаторға сыйлық берілді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бірінші болып дауыс берген мехнизатор сыйлыққа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында бірінші болып дауыс берген мехнизаторға сыйлық берілді

Ақкөл ауданындағы Домбыралы ауылының тұрғыны Виталий Балунов жергілікті шаруашылықта мехнизатор болып еңбек етеді. Ол өзі тіркелген №125 сайлау учаскесіне таңғы сағат 06:45 барып, өз таңдауын жасады. Оған аталмыш сайлау учаскесінде естелік сыйлық тапсырылды.

Виталийдің айтуынша, ол сайлауға сыйлық алу үшін емес, өзінің азаматтық парызын орындау үшін барған.

«Сайлау – бұл еліміздің әр азаматының өміріндегі маңызды оқиға. Әр адам өзінің жарқын болашағы, еліміздің гүлденуі үшін дауыс беруі тиіс», - дейді механизатор.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Ақмола облысында 722 сайлау учаскесі бар. Оның 697-сі ашық учаскелер. Облыстың азаматтық альянсынан және кәсіподақтардан 1005 байқаушы тіркеліп, жергілікті сайлау учаскелерінде жұмыстарын атқаруда. Бұдан бөлек, сайлауға қатысып жатқан бес партияның атынан 1723 өкіл байқаушы ретінде тіркелді. Сағат 10:00-ге дейінгі жағдай бойынша барлығы 52980 адам дауыс беріп үлгерген.