Ақмола облысында бірінші тоқсанда 168 мектеп қашықтан жұмыс істеді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бірінші тоқсанда 387 мектеп дәстүрлі режимде, 168 мектеп қашықтан жұмыс істеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300 балаға дейін болатын қала және ауыл мектептерінің жұмысы дәстүрлі форматқа көшірілді. Ақмола облысында бірінші тоқсанда 387 мектеп дәстүрлі режимде, 168 мектеп қашықтан жұмыс істеді. Сол 168 мектептің ішінде оқушылардың саны 300 дейінгі 53 мектеп бар. Аталған мектептер жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің тексерісінен өтсе, келесі тоқсаннан бастап жұмыстарын дәстүрлі форматта жалғастырады. Оған қоса ата-аналардың өтініші бойынша 1 сыныптан 5 сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етіледі. Әрине бұл жағдайда санитарлық-дезинфекциялық режимді, маска режимін, шахмат ретімен отырғызу және әлеуметтік ара қашықтықты сақтау міндетті», - деді Бейбіт Жүсіпов.
Сонымен бірге, басқарма басшысы биылғы оқу жылының бірінші тоқсанында білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауда бірқатар өзгерістер енгізілгенін атап өтті.
«1-сыныпта тоқсандық және жылдық бағалар қойылмайды. Бірақ педагогтар білім алушының жетістіктері бойынша ата-аналармен кері байланыс жүргізуге міндетті. Карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде 2-11 (12) сынып оқушыларының оқу жетістіктері бірден 10 балға дейін қою арқылы формативті бағаланады. Тоқсандық бағаны қою кезінде формативті бағалаудың орташа балы ескеріледі. Формативті бағалау кезінде мұғалім сабақта кері байланысты жүзеге асырады. Педагог білім алушылардың санын, кері байланысты ұсыну нысаны мен жиілігін дербес айқындайды», - деп толықтырды Бейбіт Жүсіпов.