Ақмола облысында «Біздің қанымыз бір» акциясы өтті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде «Біздің қанымыз бір» акциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, коронавирус пандемиясына қарсы күресу үшін енгізілген төтенше жағдай режимі кезіндегі карантиндік шектеу шараларына байланысты Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы облыстық қан орталығы қан тапшылығын бастан кешуде. Коронавирустық пневмонияны емдеуде науқастың өмірі үшін кез келген уақытта қан қажет болып қалу мүмкін.


Сол себепті, COVID-19 жағдайында донорлық қан банкін толтыру қажеттілігі туралы медицина қызметкерлерінің өтінішіне қылмыстық-атқару жүйесі департаменті аппараты мен бөлімшелерінің жас қызметкерлері қолдау білдірді.
Акция барысында 40-қа жуық қызметкерден Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіндегі фронт-офисінде орналасқан облыстық қан орталығының жылжымалы бригадасы қан алды.

«Адамның өмірі мен денсаулығы үшін көмек қолын созу кез келген адамның азаматтық борышы деп есептеймін», - дейді ЕЦ-166/25 түзету мекемесінің қызметкері Иван Гавриленко.