Ақмола облысында Бөгенбай батырдың немересінің аты көшеге берілді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қанжығалы Бөгенбай батырдың немересі Бапан бидің есімі Көкшетаудың іргесіндегі Бірлік кентіндегі көшеге берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұрын Новоселов атанған көше енді қазақтың атақты биі, соңында өлмес өнелгелі сөздері мен жақсы істері қалған тарихи тұлға Бапан бидің есімімен аталатын болады. Шараға қатысқа Ақмола облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров Ақмола-Көкше өңірінен ежелден халыққа танымал сал-серілер мен аузы дуалы билердің көп шыққандығын айта келе, бүгінгі соттың ертедегі билер институтынан алары көп екендігін атап өтті.
«Соңында өлмес сөздері, өнегелі істері қалған Бөгенбай батырдың немересі Бапан бидің есімінің облыс орталығындағы көшеге берілуі ұлы тұлғаларымыздың есімін ел есінде сақтауға жасалған жақсы қадам», - деп атап өтті Досжан Әміров.
Айта кетейік, соңғы 2 жылда Көкшетау қаласындағы 100 көшеге жаңа атау берілді. Биыл жыл басынан бері 50 көшенің атауы өзгертілген. Бұрын Западная, Железнодоржная сияқты аталып келген көшелерге елге еңбегі сіңген тарихи тұлғаларымыздың есімдері беріліп отыр.