Ақмола облысында бокстан әлем чемпионы Теміртас Жүсіповке құрмет көрсетілді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Зеренді ауданы Қызылтаң ауылында бокстан әлем чемпионы Теміртас Жүсіповке құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында бокстан әлем чемпионы Теміртас Жүсіповке құрмет көрсетілді

Зеренді ауданы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аудандық мәслихат хатшысы Қайрат Ауғалиев ұлттық салт-дәстүр бойынша аудан әкімінің атынан былғары қолғап шебері Теміртас Жүсіповтың иығына шапан жапты.

«Теміртасты әлем чемпионатындағы алтын медалімен құттықтаймын! Біз сіздердің жеңістеріңіздің куәсі болдық. Бүгін даңқты спортшыны біздің киелі Зеренді топырағында қарсы алу - үлкен құрмет! Бұл кездесудің мәні зор, бұл жас спортшыларымызды жаңа жетістіктер мен жеңістерге ұмтылуға итермелейді», - деп жазылған Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов спортшыға жолдаған құттықтау хатында.

Қызылтаң ауылындағы мектептің спорт залында чемпионның құрметіне жасөспірім боксшылар арасында кездесулер ұйымдастырылды. Теміртас Жүсіпов - қазақстандық боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2013 жылғы Азия чемпионы, 2015 жылғы Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) чемпионы, Қазақстанның 5 дүркін чемпионы (2013-2014, 2016-2018). Жақында ақмолалық Белградта өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.