Ақмола облысында болған ірі жол-көлік апатында қаза болғандардың туыстарын қарсы алу және оларға қажетті көмек беру үшін шаралар қабылданды

  АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 19 тамызында шамамен сағат 20:50-де Алматы-Екатеринбор тас жолының 1309-шы шақырымында ірі жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлады Ақмола облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Ақмола облысында болған ірі жол-көлік апатында қаза болғандардың туыстарын қарсы алу және оларға қажетті көмек беру үшін шаралар қабылданды

Шақпақтас тиелген «ШАНСИ» маркалы жүк көлігін жүргізіп келе жатқан Астананың 34 жастағы тұрғыны елордаға қарай жол жүріп бара жатып, жолдың қарсы жолағына шығып кетіп, 1960 жылғы қарағандылық азамат жүргізіп келе жатқан «Астана-Қарағанды» бағытындағы «Иатонг» автобусымен соқтығысып қалды.

Оларға автобустың артында келе жатқан Қарағанды облысының Нұраталды ауылының 41 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан «Ауди-100» көлігі де соқтығысты. Көліктің ішінде 4 адам отырды.

Жол апаты салдарынан оқиға орнында 14 адамның мүрдесі анықталды, олардың арасында 7 ер адам, 6 әйел және 5-7 жас аралығындағы 1 қыз бала болды. Автобуста барлығы 26 адам отырған еді.

Мүрделерді қарау кезінде олардан табылған құжаттар арқылы олардың аты-жөндері анықталды.

Түрлі дене жарақаттарын алған басқа жолаушылар Астана қаласы мен Ақмола облысындағы Аршалы ауданы орталығының емдеу мекемелеріне жеткізілді.

7 адам Астанадағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына жатқызылды. 7 адам «Жедел медициналық көмек республикалық ғылыми орталығы» АҚ-ға орналастырылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Зардап шегушілердің тізімдері жасалды, олар барлық медициналық мекемелер мен ІІБ-нің жауапты қызметкерлерінде бар, қалған қаза тапқан адамдардың есімдерін анықтау бойынша кезек күттірмейтін шаралар қабылдануда.

Зардап шеккендердің туыстарын күтіп алу және оларға барлық ұйымдастырушылық мәселелерді шешуде қажетті көмек көрсету бойынша шаралар ұйымдастырылуда. Оқиға орнын қарау, апатты техниканы көшіру және көліктік құралдардың тас жолында бөгетсіз өтуін қамтамасыз ету шаралары жалғасуда.

Аталған орындардағы барлық шараларды ІІД-нің басшылығы жүзеге асыруда.

Аталған фактімен ҚР ҚК-нің 3 бөлімі 296-бабындағы (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соқтырған жол қозғалысы ережелерін бұзу) қарастырылған қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың санкциясы бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.