Ақмола облысында COVID-19-дан кейін оңалту қалай жүріп жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында өткен жылдың наурыз айынан бастап облыстық фтизиопульмонология орталығының жанынан коронавирус инфекциясынан жазылып шыққан науқастарды оңалту бөлімшесі ашылып, жұмыс істеуде. Медициналық мекемеде осы 8 айдың ішінде 580 адам емдеу курсынан өтті, олардың басым көпшілігі қарттар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ақмола облысында COVID-19-дан кейін оңалту қалай жүріп жатыр

Орталықтың бөлім меңгерушісі Сәуле Шәкіржанованың айтуынша, негізгі міндет-өкпенің желдетілуін, газ алмасуды және бронхтардың клиренсін жақсарту, ұзаққа созылған аурудан кейін мазасыздық пен депрессия белгілерін жеңілдету, ауырсынудан кейінгі асқынулардың қаупін азайту, бұлшықет әлсіздігін түзету, мүгедектікті азайту.

«Кез келген аурудан кейінгі оңалту шаралары оңалту көрсеткіштерімен бағаланады. Бұл тыныс алу аурулары бар, соның ішінде COVID-19 пневмониясы, сондай-ақ өкпе интубациясынан кейін, өкпе функциясы төмендеген және ауруханада ұзақ уақыт болған науқастардың көрсеткіштері. Тыныс алу аурулары, оның ішінде COVID-19 пневмониясы бар ересектер медициналық оңалтудың үшінші кезеңіне жатады. Мұндай науқастарға оңалту қажет, олар оңалтудың үшінші кезеңінің өлшемдеріне сәйкес келеді және қалпына келтіру емінен қауіпсіз өте алады», - дейді дәрігер.

Сондай-ақ облыс емханаларында да оңалту курсынан өтуге болады. «Via Medis Kokshetau» емханасы бас дәрігерінің емдеу-алдын алу жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлнәзия Зұлқарнаеваның айтуынша, амбулаториялық оңалту постковидтық емдеу кешеніне кіреді.

«Әрбір науқас аурудан кейін реабилитологтың қабылдауынан өтеді. Маман арнайы дренажды массажды, тыныс алу гимнастикасының белгілі бір әдістерін, физиотерапияны қамтитын жеке емдеу бағдарламасын белгілейді. Оның ішінде психологиялық және әлеуметтік бейімделу көрсетіледі», - деп атап өтті Гүлнәзия Зұлқарнаева.

Айта кетейік, Ақмола облысында пандемия басталғалы бері COVID-19 зертханалық расталған 68 721 жағдай тіркелген, оның 55028 симптомды, 10693 симптомсыз вирус тасымалдаушы науқастар.