Ақмола облысында дәрі-дәрмек қоры жасақталуда
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындық мақсатында дәрі-дәрмек қоры жасақталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен мәлім еткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде биылғы шілде айында коронавирус инфекциясын емдеуге қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық препараттардың қорын анықтау және дәріханаларда сатылып жатқан дәрінің бағасын бақылау бойынша мониторинг жүргізілді.
«Анықталған заңбұзушылықтар бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін полиция және экологиялық тергеу департаменттеріне жолданды. Құқық қорғау органдарының материалдары бойынша Ақмола облысында дәрілік препараттардың шекті бағасын көтерген 23 субъекті әкімшілік жауапқа тартылды», - дейді ведомстводан.
«Атамекен» кәсіпкерлік палатасында сұранысы жоғары дәрілік препараттар мен медициналық өнімдердің «GOOGLE диск» есептеудің бірыңғай формасы жасалды. «GOOGLE диск» дәрілік препараттар бойынша ақпаратты 80 фармацевтикалық қызмет көрсететін субъект жұмыс істеп тұрған 114 объекті бойынша ұсынады.
«Бүгінгі күні облыста 50 мыңнан астам бума құрамында «ацетилсалицилды қышқылы» бар препараттар тобындағы дәрі, 90 мыңнан астам бума/құты құрамында «парацетамол» бар дәрі, 30 мыңнан астам бума/құты құрамында «асқынуға қарсы стероидсыз препарат», 30 мыңнан астам бума/құты құрамында «вирусқа қарсы дәрілік заттар» бар. Облыстағы дәріханалар қоймасында медициналық маска қоры жасалған. Бұдан бөлек, 280 мыңнан астам қорғаныс заттары бар. Бір реттік қолданылатын медициналдық масканың бағасы тұрғындар үшін 60 теңге ден аспауы тиіс. Мониторинг тұрақты түрде жүргізіліп тұрады», - дейді ведомстводан.