Ақмола облысында дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында екі айлық дәрі-дәрмек қоры жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ақмола облысында дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бірыңғай дистрибьютор жеткілікті мөлшерде қабынуға қарсы ыстық түсіретін препараттар сатып алды. Сондай-ақ амбулаториялық емдеуде берілетін таблетка түріндегі антикоагулянттар да бар. Стационарлық емдеудегі науқастар барлық дәрілік заттармен тегін қамтамасыз етіледі.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Шағыров атап өткендей, жыл сайынғы тегін дәрі-дәрмектер тізімі біртіндеп ұлғаюда.

«Екі жыл бұрын амбулаториялық-дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде 48-ден 140-қа дейін аурулардың тізбесі кеңейтілді, тегін дәрі-дәрмектердің атауы 280-ден 620-ға дейін ұлғайтылды. Пандемияға байланысты тізбеге қосымша дәрілік заттардың 5 атауы енгізілді. Бұлардың қатарында антикоагулянттардың 3 атауы (ривароксабан, дабигатран, апиксабан), парацетамол, ибупрофен. Бұл ауру бойынша дәрі-дәрмектер жеткілікті», - деді ведомство басшысының орынбасары.

Еске сала кетсек, амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету науқастың жеке басын куәландыратын құжатты немесе оның көшірмесін көрсеткен кезде тегін рецепт бойынша 26 дәріхана пункті арқылы жүзеге асырылады. Адам аурулар тізімге енгізілген жағдайда ғана тегін рецепт ала алады.

Жалпы, өткен жылы 170 мың науқас дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп. Нәтижесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша өтініштер мен шағымдар саны 1,5 есеге азайды. Стационарлық қамтамасыз ету шеңберінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен дәрілік заттардың 985 атауы жеткізілді.

Айта кетсек, 2022 жылы дәрі-дәрмектерді жөнелту 23 қаңтардан басталды. Қазіргі уақытта 573 тегін дәрі-дәрмек тиелді.